Қалың Алаш қана емес, жаһан жұртшылығы ерекше құрметтейтін ажал аждаһасының ауыздықталған яғни, Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 30 жыл толады.
Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжінде 40 жыл бойы қазақстандықтардың өмірін жалмаған ажал аждаһасы жайлы тың деректерді студент жастарға түсіндіру мақсатында Тарих пәні оқытушысы Махажанова Гульмира Дайрбекқызының ұйымдастыруымен ашық сабақ болып өтті.
Студенттер ядролық сынақтардан азап шеккен қарапайым халық және Ұлт мүддесін қорғаған тұлғалар жайлы жан-жақты ақпараттармен танысып, түйген ойларын ортаға салды.
1949-1989 жж. Семей ядролық полигонында кемінде 468 ядролық сынақ өткізілді. Онда плутонийдің көп жиналғаны соншалық, 1996 жылдан 2012 жылға дейін Қазақстан, Ресей және Америка Құрама Штаттары радиоактивті материалдарды іздеу, жинау және көму бойынша бірлескен құпия операция жүргізген. Қазақ еліне жаншошырлық қасірет әкелген ядролық қаруды толықтай жабуға сол кездегі Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды. Ажал апанына итермелейтін жойқын қарудан ел қауіпсіздігі үшін бас тартты. Осылайша, Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөнінде шешім қабылдаған тарихтағы тұңғыш ел атанды.