7 сәуір – алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні
Осыдан 150 жыл бұрын (1871 ж. кей деректерде 1883 жылы) қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдессіз палуан, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ Қажымұқан Мұңайтпасұлы дүниеге келген-ді.
Қажымұқан екінші дүниежүзілік соғыста жамбастап жатқанын ар көріп, қолына қару алуға сұранады. Әскери комиссариаттағылар оның жасы асып кеткенін, соғысқа жіберілмейтінін айтады. Пайғамбар жасындағы балуан тым болмаса бойындағы күшін көрсетіп, елден қаражат жинап, майданға көмек жібергісі келетінін айтады. Қартайғандағы қара күшінің арқасында неше түрлі трюктер жасап, көрерменнен түскен табысты жинайды.
Жинаған қаражатына сатып алынған ұшақты майдан даласында тәжірибелі ұшқыш Қажытай Шалабаев қабылдап алады.
Даңқты палуанның өнегелі істерін тізіп жазсақ, 4 томдық кітап жазарымыз анық... Күш атасының бүгінгі туған күнінен орай, ол жайлы басты 10 деректі назарларыңызға ұсынамыз:
1. Қара күштің иесі атанған батыр бабамыз теңдессіз өнерімен жер шарының 54 мемлекетін аралап, 48 медаль олжалаған екен. ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде Қажымұқандай мықты тек қазақта ғана болды. Мен деген небір мықты балуандардың мысы басылып, тауы шағылды. Қажымұқанның күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
2. Алып күш иесінің тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі көрінген шағы 1906 жыл еді. Алманиядағы дүниежүзілік сайыста әлем чемпионы атанды. Сол кездегі саясаттың салдарынан ол орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Оған түрлі лақап аттар берілді.
3. Бірде Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» десе, енді бірде Мухан, «Иван Чёрный» деп атаған. Ал, 1909 жылғы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.
4. Патша үкіметі құлаған соң, балуанның отбасы азамат соғысы
мен аштықтың салдарынан біраз сергелдеңге тап болды.
5. 1937 жылы Қажымұқанның ізіне түсіп, «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» — деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды.
6. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өткізді. Бүгінде Темірланда балуанға арналған ескерткіш пен музей бар.
7. Ол өмірінің соңғы жылдары жасы 70-тен асса да ел аралап, цирк өнерін көрсетіп, жиналған 100 мың сомға майдан үшін деп ұшақ сатып әпереді.
8. Сталин Қажымұқанның осы ерлігі үшін арнайы марапат қағазын жібереді.
9. Ақмола өңірінен шығып, сонау Америка құрлығы мен Еуропаны бағындырған балуанның есімі тарихта қалды.
10. Қазақ қаламгерлерінің бәрі Қажымұқан туралы қалам тербеп, балуан жайлы бірнеше кітаптар жазды. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнаған бабамыздың бейіті Оңтүстік Қазақстан облысында жатыр.